Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

Жеті жұрттың тілін біл

   1 Шымкент қаласында «Көптілді білім беру жағдайында оқушылардың функционалды сауаттылығын қалыптастырудағы мұғалімнің кәсіби құзіретттілігі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрының ғимаратында өткен іс-шараға қазақстандық ұстаздармен қатар халықаралық сапаршылар да қатысты. Конференцияның ашылу салтанатында «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы басқармасы басшысының бірінші орынбасары Жауынбай Қараев құттықтау сөйледі.

— Елбасы Нұлсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілі біздің рухани негізіміз» деген болатын. Сондықтан біз әрбір оқушының мемлекеттік тілді білуіне жағдай жасауымыз керек. Сонымен қатар мемлекет басшысы орыс және ағылшын тілдерін оқыту мәселесіне де тоқталған. Қазақта «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген қанатты сөз бар. Бүгінде «Өрлеу» орталығының бастамасымен үш тілде оқыту бағдарламалары зерттелуде. Нәтижесінде еліміздің өңірлерінде мектептер үш тілде білім беру жүйесін қолға алды. Оңтүстік Қазақстан облысында 7 мектепке пилоттық жоба енгізіліп, оқушылар үш тілді тереңдетіп оқып жатыр. Бүгінгі жиынның мақсаты- ұстаздардың біліктілігін көтеру, орта мектептерде көптілді білім берудегі жаңа әдіс-тәсілдерді үйрету, пікір алмасу, ақылдасу,- деді ол.

-Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов «Ең алдымен ана тілді ардақтай отырып, өзге тілдерді меңгеру артықтық етпейді. Ол үшін ұстаздардың біліктілігін зор болуы тиіс. «Шәкіртке ұстаз болу-ірілік, Ұстазға ұстаз болу-ұлылық» демекші, осы конференция өз жемісін береді деген ойдамын» деді.

   ҚР Білім және ғылым министрлігі еліміздегі аз ұлттар тілдеріндегі мектептерде көптілді білім беруді ендіру бойынша біраз бастамаларды жүзеге асырып жатқаны белгілі. Ал, бұл жобаны әзірлеу «Өрлеу» БАҰО» АҚ-на жүктелген. Осындағы білікті мамандардың ұйымдастыруымен өткен жиынға ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары да қолдау көрсетіпті. Жиынға қатысқан ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсе бастығының орынбасары Мирко Гюнтер Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт өкілдерінен бөлек осындағы диаспоралардың білім алуларына жақсы жағдай жасалғанын атап өтті. ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің сарапшысы Гүлсила Мұздыбекова көп тілді білім берудегі негізгі бағыттарды тілді тиек етсе, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ректоры Жұмахан Мірхалықов өзі басқаратын оқу ордасындағы қазақ бөлімінде білім алущылардың қатары жыл санап артып келе жатқанын жеткізді.

-Қуантарлығы, мемлекеттік тілде оқығысы келетіндер саны артуда. Есесіне, орыс бөлімдерінің талапкерлері азайып, ағылшын тілінде білім алуды жөн көретіндер көбейді. Қазақ тілі-мемлекеттік тіл, ал, ағылшын тілі-инновация мен ғылым тілі. Қазіргі ұстаздар он күн немесе екі-үш апта оқып, білімдерін жетілдіріп жүр. Дұрыс қадам. Бірақ осы аз уақытта олар шын мәнінде біліктілігін арттыра ма, жоқ әлде құр қаражат пен уақыт шығындап қайтады ма? -деді ол.

   Конференцияға Қырғыз Республикасы мен Тәжікстаннан да ғалымдар келді. Сондай-ақ, ҚР БҒМ-нің, «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» ДББҰ-ның, «Өрлеу» БАҰО» басқармасы мен филиалдары мен қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары және ұстаздар қауымы да секция жұмыстарына белсене атсалысып, пікір алмасты.

   Үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асырудың тиімді жолы бар ма? Оқушыларға тілді қалай оңай меңгертуге болады? Міне, осы сұрақтар төңірегінде ой қозғаған ЕҚЫҰ сарапшысы Атанасия Петрова «Кейбір оқушыларға орта мектепте пән ретінде оқыған тілді толық меңгеріп шықпайтынын көріп жүрміз. Тілді тек пәндер ретінде оқыту өз жемісін бермейді. Біз осы мәселені шешу үшін арнайы зерттеулер жүргізіп, бағдарламалар әзірледік. Мәселен, бірнеше пәнді түгел мемлекеттік тілде жүргізу керек. Тағы бір пәндерді ағылшын немесе орыс тілінде дегендей. Оқушалыр сол тілді қажеттілік ретінде сезініп, жиі қолданса, тез меңгереді» деді. Сондай-ақ, конференцияда Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев пен Қазастан Халықтар Достығы университетінің ректоры Рабиға қуатбекова баяндама жасады.

   Осы конференцияны ұйымдастырған «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры  Лаура Искакова Оңтүстік өңірінде қолға алынған тың бастамаларымен бөлісті. Облыс мектептеріндегі жағдайды баяндады.

-Көп тілді білім беру мәселесі бойынша біздің институт жемісті жұмыс атқарып келеді. Облыстағы 1031 орта мектепте 531804 оқушы оқып жүр. Оларға 60110 мұғалім білім береді. Еліміздің көптілді және билингвалды білім беру өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Билингвалды білім беру –бұл мектеп бағдарламасындағы бір немесе бірнеше пәнді қатар екі тілді оқыту. Облыс аумағында билингвалды және көптілді білім беру бойынша жобаны 2 мектеппен бастаған болсақ, ал, қазір олардың саны 15-ке жетті. Жаңа бағдарламаларды меңгеруі үшін мамандарымызды түрлі семинарларға жібердік. Олар білгендерін жергілікті мұғалімдерге үйретті,- деді ол.

   Конференцияда түрлі секциялар бойынша баяндамалар оқылып, «дөңгелік үстел» мәжілісі ұйымдастырылды. Бұл жиындар М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың мәжіліс залында және «Өрлеу» АҚ-ның облыстық филиалының базасында өтті. Басқосудың екінші күні халықаралық сарапшылар мен ғалымдар Шымкенттегі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мен өзге де білім ұяларын аралап, тәжірибелік сабақтар өткізді.

   Қорыта айтқанда, қазақ тілі-мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді еліміздегі барлық өкілдері жүз пайыз білуге міндетті. Сонымен қатар, орыс тілі мен ағылшын тілін меңгеру де –уақыт талабы. Осы тілдерді шәкірт санасына сіңіру үшін ұстаздардың біліктілігін арттырған жөн. Шымкенттегі конференция біліктілікті арттыру жолындағы тәжірибе алмасу алаңы болды.

 

Ғабит Сапарбеков «Оңтүстік Қазақстан»