Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

Педагогикалық міндеттерді шешуде шығармашылық, жаңашыл амалдардың бірі Әдістемелік десант

2019 жылдың  тамыз айының 20-22 аралығында  Шымкент қаласы ЖШС«Абай Құнанбаев атындағы  мектебі», Шардара ауданы, Ж.Жабаев атындағы бастауыш мектеп және Келес ауданы, Ө.Жанибеков атындағы лицей–мектебі базаларында «Нәтижеге жетуде сабақты тиімді жоспарлау» тақырыбында  бастауыш сынып мұғалімдері үшін әдістемелік десант өтті.

Аталмыш іс-шараны «Өрлеу» БАҰО АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қ. бойынша ПҚБАИ жұмыс жоспарына сәйкес «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және бастауыш оқыту» кафедрасының  педагог-тренерлері   ұйымдастырды. Әдістемелік десант мақсаты: жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асыру шеңберінде  мұғалімдердің үздіксіз кәсіби өсуіне курсаралық қолдау көрсету. Әріптестермен бірлесе талдау нәтижесінде жаңаша сабақты тиімді жоспарлау заман талабына сай екеніне көз жеткізу.  Жаңаша білім беруге нұсқаулық жасау. Мұғалімдерді  жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық тәсілдермен таныстыру, тәжірибе алмасу, әдістемелік көмек көрсету.

«Әдістемелік десант» – бұл көшпелі практикум-кеңес беру, кешенді проблемалық сұрақтарды шешуде әдістемелік көмек көрсетуге бағытталған. Нәтижеге жетуде сабақты тиімді жоспарлау білім беру процесінің сапасын арттырудағы кепілі болып табылады. Шымкент қаласында бұл  іс-шараға 7 мектептен 4 секция бойынша бастауыш сынып мұғалімдері қатысты, жалпы 94 педагог қамтылды. Педагог-тренерлер мұғалімдердің  табысты оқытудағы кәсіби қиындықтар аясын анықтау мақсатында  түрлі педагогикалық зерттеу әдістерін қолданды. Аға оқытушылар «Тиімді оқыту мен оқу негіздері»  және «Білім алушылардың оқу жетістіктерін анықтаудағы критериалды бағалау жүйесі» тақырыптары  бойынша шебер-сыныптар өткізді. Әдістемелік десантқа қатысқан мұғалімдер білім сапасын арттыруды нәтижеге бағыттау жолдары, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқудағы жаңа тәсілдер, бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау үдерісі туралы тәжірибелік презентациялар, шеберлік сыныптарын, тренингтерге қатысып дер кезінде әдістемелік көмек алғандарын кері байланыс арқылы жеткізді.

Сонымен қатар тәжірибелік  кеңес беру және әдістемелік көмек көрсету шаралары бір мезгілде  Келес және Шардара аудандарында  ұйымдастырылды. Жалпы  120-дан астам педагог қатысты.

Іс-шара шеңберінде анағұрлым өзекті проблемалық тақырыптар барысында сабақ мақсаттарын СМАРТ форматында оқу  мақсаттарына сәйкес анықтау, орта мерзімді және қысқа мерзімді  жоспарлау және ұйымдастыру қарастырылды.  Әдістемелік десантқа қатысушылар нәтижеге бағытталған сабақты тиімді жоспарлаудағы сұрақтармен қатар  алдағы уақытта педагогтің кәсіби үздіксіз дамуын сүйемелдеу үшін әріптестікті жалғастыруды ұсынды. Сондай-ақ жаңартылған білім беру мазмұнын ендіру барысында жаңаша педагогикалық әдістерді оқыту мен оқу процесінде тиімді қолдану бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігіне тоқталды. Қатысушылардың пікірі бойынша  осындай көшпелі әдістемелік десанттар жаңартылған білім беру мазмұны  аясында жаңа педагогикалық әдіс –тәсілдерді қолдану шеберлігін арттыруға, туындаған кәсіби мәселелердің шешімін  іздестіруге ықпал етеді.

 

Х.Калиева — «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және бастауыш оқыту» кафедрасының аға оқытушысы