Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

Болашақтың тірегі — дін

  1622015 жылдың 10 маусымында  «Өрлеу» БАҰО» АҚФ ОҚО ПҚБАИ,  «Инновациялық технологиялар мен жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы Матекова Бақтыгүл Темірханқызы «Әлеуметтік  бастамалар  орталығында» семинар ұйымдастырды. Семинарға «Өрлеу» БАҰО» АҚФ ОҚО ПҚБАИ «Дінтану негіздері» пәнінің қысқа мерзімді курс тыңдаушылары мен «Әлеуметтік бастамалар орталығының» дінтанушы-теолог мамандары қатысты. Курс жетекшісі Матекова Бақтыгүл Темірханқызы Ел Президентінің әлемде бейбітшілік пен конфессияаралық келісім орнату аясындағы саясаты, жалпы орта мектептерде оқытылып жүрген «Дінтану негіздері» курсының өзекті мәселелері жайлы әңгімелеп, семинардың шымылдығын ашты. Семинар барысында елімізде  діни конфессияаралық келісім орнату аясындағы Елбасының атқарып отырған саясаты, тәуелсіздік алған жылдардан бергі ата-бабаларымыздың тілге, дінге деген құрметі ерекше екендігі таныстырылды. «Әлеуметтік бастамалар орталығы» директорының орынбасары Мади Бесбаев орталықтың атқарған шаралары туралы, сонымен қатар діндер мазмұнындағы сан ғасырлық рухани құндылықтарды мектеп оқушыларына пән арқылы меңгерту қажеттіліктеріне  шолу жасады. М.Бесбаев: «Тек қана мемлекеттік органдардың күшімен қоғам­дағы барлық мәселені шеше алмаймыз. Ол үшін қоғамдық пікір, әр азаматтың өзінің ұстанымы керек. Мектеп қабырғасында оқушылардың бойында ата-анаға деген құрмет сезімін қалыптастырудан бастап тәрбие беру — ұстаздар қауымына деген үлкен жауапкершілік. Себебі қазір­гі­дей жастардың дінге қызығушылығы артып отырған тұста діни сауаттылықты арттыру жұмыстарын жүр­гізу ауадай қажет болып отыр» — деп сөзін түйіндеді.

    Орталықтың бөлім басшысы Оспанов Далелхан өз сөзінде ең басты көңіл аударатын мәселе – Конституциямызда атап өтілгендей, сөз бостандығы адамзаттың ең іргелі құқықтарының бірі екендігіне тоқталды. Ал, діни қарым-қатынас – қашанда нәзік мәселе. Әсіресе, еліміз көп конфес­сиялы қоғам болып есептелетіндіктен, осы тұста сөз бостандығын пайдалануда қоғам алдында әрбір азаматтың  жауапкершілігін арттыруы тиіс. Ел аузында жастарымыз имандылыққа бет бұ­рып, мешіттеріміз адамға толды деп мақ­та­нышпен айтқанмен, неге бізде қылмыстар азаймай, адам өлтіру кемімей отырғандығына жан-жақты талдау жасады.

    Семинар барысында Сайрам ауданының мұғалімі Жардарбекова Рима ислам дінінің — тәрбиенің қайнар көзі екенін келелі мысалдармен дәлелдей білді. Шымкент қаласының мұғалімдері Зинадилова Раушан, Анартаева Назира діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда мектеп оқушыларымен жүргізіліп жатқан іс-шаралар барысын таныстыра отырып, атқарып отырған жұмыстарын таныстырып өтті. Сарыағаш ауданының мұғалімі Шағдаров Сәттіжан мен Ордабасы ауданының мұғалімі Байсары Шыңғысхан  семинарға қатысушы дінтанушы мамандарға ризашылықтарын білдірді.