Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

Бағалау саясаты оқу үрдісінің бөлінбес бір бөлігі

Бағалау саясаты оқу үрдісінің бөлінбес бір бөлігі болып табылады. Оқушы жетістігін нақты бағалау мәселесі — білім беру жүйесіндегі көкейкесті, өте өзекті мәселелердің  бірі. Себебі, оқушы  жетістігі басқа оқушы жетістігімен салыстырмалы түрде бағаланып келді, білім алуға деген қызығушылықты жоғарылатуға мүмкіндік жасайтын бағалаудың нақты критерийлері болмады, мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс қалыптаспады, «оқушы үні» естілмеді. Бағалау – оқыту мен үйретуді жасаушы үрдіс екенін мұғалімдер қауымы білгенмен, сабақта қолданылатын бағалау түрлері бойынша мұғалімдердің жиі қиындықтарға кездесуі өзекті мәселелердің бірі.

Қазір көптеген мектептерде (1 сыныптан басқа) бес баллдық  жүйеге негізделген бағалаудың дәстүрлі жүйесі сақталып келеді: 2 («қанағаттанарлықсыз»), 3 («қанағаттанарлық»), 4 («жақсы»), 5 («өте жақсы»). 5 балдық жүйенің орнына іс жүзінде 4 балдық жүйе қолданылады, себебі «бір» бағасы іс жүзінде қолданылмайды.

Бағалаудың бұл түрі мұғалімнің толық билігіндегі құралы болып табылып, білім беруде авторитарлық әдіс қолданылады, мұғалім сабақтағы жалғыз бағалаушы. Бес ұпайлық бағалау шкаласы — басқа да  дәлдігі жетіспейтін нормативтік бағалау құралы, бүгінгі күні сабақтағы бағалау үрдісіне өзгеріс еңгізу мұғалімнің міндеті.  Ол оқу үрдісінің түрлі сатысында оқушының білімін, біліктілігін және сезімдерін айқындайды. Бағалау үрдісіне қатысушылардың барлығы (оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар және әкімшілік) бағалау құралдарын, мақсатын, міндетін, объектісін, қағидасын, әдістерін жақсы түсінуі тиіс. Бағалау үрдісі оқушылар жетістігі үшін негізгі элемент болады: пәннің мазмұнын түсіну, білім алу, дағдыларды жетілдіру, жауапкершілік пен оқыту қызметіндегі тәсілдерді қалыптастыру [1].

Бағалау — бұл оқушылардың үлгерімі жөніндегі мәліметтерді жинақтау және сараптау [2]. Бұл ғылыми ұғым, ал оқушы көзқарасымен бағалау сабаққа оқушының ынтасын оятатын немесе қызығушылығын жоятын құрал. Дәстүрлі білім беруде пән мұғалімі жалғыз өзі  сыныптағы оқушылардың жауабын бағалап келді. Оқушы жақсы оқыса жақсы бағасын алды, көбіне механикалық есте сақтау арқылы айтылған жауаптары бағаланды. Түсінуі, ол білімді қолдана алуы т.б дағдылары ескерілмей қалып жатқан кездер де болды.

Бұрын не үшін бағалады? Баға үй тапсырмасы үшін немесе бақылау жұмыстары, тақырыптық тексерулер, тест жұмыстары, фронтальды сұрақтар қою т.б кезінде қойылды. Суммативті бағалаудың да маңызы бар: мұғалім жұмысының тиімділігін көрсетеді, оқушының қаңдай деңгейде тұрғанын анықтауға мүмкіндік береді. Ал, кемшілігі оқуды бағалау үшін жүргізіледі, оқушы мотивациясын азайтады, қателікті түзету үшін ақпарат бермейді. Оқушы жұмысын бағалауда ақпараттың сенімділігі мен дұрыстығы мұғалім өткізетін жиынтық бағалаудың негізгі ұстанымы болып табылады. Сенімділік оқушының оқу үлгерімі туралы шынайы және толық ақпарат беру дәрежесін білдіреді, ал дұрыстығы бағалау үшін маңызды және түбегейлі болып табылатын  барлық тұстарды бағалауды талап етеді. Жиынтық (суммативті) бағалауды сапалы жасау мұғалімдердің жоғары шеберлігін талап етеді, мұғалімдердің формативті бағалауы жиынтық бағалау талаптарымен бұрмаланбауы керек, ал бұл өте күрделі мәселе [3]. Мұғалімдердің көбі қалыптастырушы бағалаудың ынталандыру әрекетін көрсеткенмен, стратегияларын  нақты көрсетпейді. Бағдаршам, бас бармақ, шапалақ, смайликтерді қолдану оқушыларды ынталандырады, дегенмен оқушы жұмысын түзету, жетілдіру үшін бұл әдістер маңызды ақпарат, тиімді кері байланыс беру жағынан керемет емес. «Екі жұлдыз,бір тілек», «Плюс, минус, керемет», «жарық жұлдыз», «Колб циклы» т.б стратегияларын қолдану кезінде оқушылар қалай үйрену керек екендігін үйренеді, өзара және өзін-өзі бағалау, жетілдіру жолдарын түсіне білуді дамыту жақсы жүреді.

Жаңартылған білім мазмұнында бағалаудың критериалдық жүйесі мұғалімге оқушының білімін, ептілігін және дағдысын анықтап қана қоймай, сонымен қатар оларды оқушының функционалдық сауаттылығымен байланыстырып қарауға мүмкіндік береді. Критериалды бағалау жүйесі бұрынғы бағалауға қарағанда қалыптастырушы және жиынтық бағалаумен ерекшеленеді. Қалыптастырушы бағалау оқытуды, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған  болса, жиынтық бағалау мақсатты баға  қою және сертификаттау немесе оқытудың алға жылжуын тіркеу үшін оқыту қорытындысын шығару үшін қажет.

Критериалды бағалау бойынша мысалы формативті бағалауға тапсырма жасаған кезде оқу мақсаты/сабақтың мақсатындағы етістікті блум таксономиясының қай сатысы екенін анықтап алу қажет. Яғни, ойлау дағдыларының деңгейін сәйкестендіреміз. Оқу мақсаттарын ойлау дағдыларының деңгейімен және бағалау критерийлерімен сәйкестендіру маңызды рөл атқарады. Оқу мақсатыдегеніміз оқу бағдарламасына сәйкес пән бойынша оқушының оқу барысында меңгерген білім, түсінік, дағды  жетістіктерінің күтілетін нәтижесі арқылы қалыптасқан тұжырым.

Берілетін тапсырма блум таксономиясы бойынша сол ойлау деңгейінен асып кетпеуі шарт. Қолдану болса тапсырмада одан жоғарғы талдау, жинақтау, бағалау бойынша тапсырмалар берілмейді.  Блум Таксономиясы оқыту нәтижелерін жазу үшін жиі қолданылады, ол дайын құрылыммен және етістіктер тізімімен қамтамасыз етеді. Етістіктерді дұрыс  қолдану – оқыту нәтижелерін ойдағыдай жазып шығудың кілті. Бағалау критерийі де оқу мақсатымен тығыз байланысты. Бағалау критерийі дегеніміз —  білім алушылардың оқу жетістік деңгейлері өлшенетін белгі, өлшем, негіздеме [5]. Одан кейін тапсырма құрастырамыз. Бағалау критерийінен дескрипторлар беріледі, яғни критерийді қадам бойынша ашамыз. Дескриптор – оқушының жұмысты қаншалықты жақсы орындағанын бағалайтын тұжырым.

Кесте №1. Формативті бағалау парағы.

Бөлім

Тақырып

Бөлімі – Феодализм.

Феодалдық экономика деген не

Оқу мақсаты Экономикалық қатынастардың формаларын түсіндіру арқылы феодалдық шаруашылықтың  ерекшеліктерін сипаттау
Ойлау дағдыларының

деңгейі

  • білу және түсіну
  • қолдану
Бағалау критерийі
  • феодализмнің белгілерін атайды;
  • шаруаның бағыныштылығынан  мысалдар келтіреді

Тапсырма

1.      Төмендегі сөздердің анықтамасын жазыңыз және феодализмге тән белгілерді атаңыз.

а) Феод — ……………………………………………………..

в) Феодал — ………………………………………………….

с) Поместье — ……………………………………………….

д) Барщина — ………………………………………………..

е) Оброк -……………………………………………………..

2.     Шаруалардың феодалдарға өтейтін міндеткерліктері  сызбасын қолданып шаруаның басыбайлығынан мысалдар келтіріңіз.

Бағалау критерийі Дескрипторлар
Феодализмнің белгілерін атайды
  • 5 термин сөзге анықтама жазады
  • феодалдық құрылыстың  белгілерін атайды
Шаруаның бағыныштылығынан  мысалдар келтіреді
  • экономикалық бағыныштылық формаларын атайды
  • шаруалардың феодалға өтейтін міндеткерліктерін  түсіндіруде терминдерді қолданады
Кері байланыс:  Тапсырманы қалай орындағаны жөнінде мұғалім немесе бағалау жүргізіп отырған сыныптасы жазуы мүмкін

Мұғалім мен оқушылар арасында тиімді қарым-қатынас, өзара түсінушілік бола отырып формативті бағалауды сабақта қолданса, табыс критерийлерін оқушылармен бірлесе отырып құрса оқушының да пәнге деген қызығушылығы артады. Формативті бағалау үздіксіз жүргізіледі, оқушы қатесін түзетуге мүмкіншілік беріледі. Сабақта мұғалім әрбір тапсырмадан кейін формативті бағалауды кіріктіріп отырса, Джон Хэтти зерттеулеріне сәйкес оқушының оқуына әсер етуде жазбашаға қарағанда ауызша кері байланыс неғұрлым тиімдірек екенін ескеріп үнемі кері байланыс жасалса оқыту нәтижелі болады. Оқушылар да құрбыларын бағалауда бір-біріне құнды кері байланыс ұсына алды және бір-бірінен үйренеді, бір-бірін қолдайды.

Электрондық ресурстар:

  1. Бағалау саясаты. Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі. – 2014. http://www.nis.edu.kz/.
  2. Kz. Үшінші негізгі деңгей. Бірінші бетпе-бет, 3 апта, 1 күн ресурстары.

 Кітаптар,  монографиялар, жинақтар:

  1. Әлімов А. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері. Алматы, 2013. — 447 б.
  2. Мирсеитова С. Словарь RWCT. – Алматы: Верна. —  — 144 с
  3. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы оқушыларының оқу жетістіктерін критериалды бағалаудың жүйесін енгізу тұжырымдамасы. — Астана. – 8 б.

Сағынтаев Қайрат Сағынтайұлы

«Өрлеу» БАҰО АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ аға оқытушысы