Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

«Тиімді оқыту мен оқу» бағдарламасы

125   2012 жылдан Қазақстан Республикасы мұғалімдердің біліктілік арттыру жүйесі жаңа мазмұндағы үш деңгейлі бағдарламаны ендіріп, шығармашыл мұғалімдердің біліктілігін арттыра бастады. Жаңа форматтағы  «Назарбаев зияткерлік мектебі» жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университеті мамандары бірлесе әзірлеген мұғалімдердің біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламалары ұстаздардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып,  оқыту сапасын арттыру мақсатында жасақталды. Аталған Бағдарлама заманауи ғылыми зерттеулердің шынайы нәтижелері мен оқытудың озық практикалық тәжірибесінің ықпалдасуын қамтып, кәсіби ынтымақтастық пен өзара білім алудың үнемі жұмыс жасайтын режимін құруға мүмкіндік беретін нақты үш кезеңге құрылымдалғандығымен ерекшеленеді. Бағдарламаның мазмұны ЮНЕСКО және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұсыныстарының негізгі қағидаттарымен үйлеседі.

   Мұғалімдерді курсқа қабылдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 04.01.2013 жылғы №1 бұйрығымен бекітілген “Педагог кадрлардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулығында” көрсетілген  талаптарға сәйкес жүргізіледі.

   “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ-ның ОҚО бойынша ПҚБАИ  базасында Үшінші (базалық) деңгей біліктілігін арттыру курсы ұйымдастырылады. 2012-2015 жылдар  аралығында  облысымыздың  4443   мұғалімі  біліктілігін арттырды. Оның ішінде  2012 жылы   500 мұғалім,  2013 жылы  818 мұғалім, 2014 жылы 1425 мұғалім,  2015 жылы  1700 мұғалім оқытылды. 2016 жылы  310  мұғалімнің біліктілігін арттыру жоспарланған.

   Биылғы жылы бағдарламаның атауы, құрылымы мен кезеңдерінде өзгеріс бар. Базалық деңгей курсының атауы «Тиімді оқыту мен оқу» деп аталатын болады. Бағдарлама 9 аптаға созылатын үш кезеңнен тұрады:

  • Бірінші «Бетпе-бет» аудиториялық кезең – төрт апта;
  • Мектептегі тәжірибе – төрт апта;
  • Екінші «Бетпе-бет» аудиториялық кезең – бір апта.

   Бірінші «Бетпе-бет» кезеңі Бағдарламаның түйінді идеяларына және оларды мектеп тәжірибесіне енгізу әдістемесіне шолу жасайды.

   Бұл кезеңде мұғалімдер мынадай тапсырмаларды орындайды:

  • Оқу үдерісі қалай жүретіні және сапалы оқыту дегеніміз не екендігі туралы материалдарды зерделеу;
  • Оқыту мен оқудың қалай жүру керектігі туралы өзінің білімі мен ұстанымдарын талдап, бұл саладағы таптаурындарға қатысты күмән тудыру;
  • Сыныптағы жұмыс тәсілдерін модельдеу арқылы белсенді оқуға қатысу. Бұл бірлескен топтық жұмыстан, талқылаудан, таныстырылымдар мен жеке зерттеулерден тұрады;
  • Бағдарламаның жеті модулі аясында оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді зерделеу;
  • Оқыту тәжірибесіне енгізілуге тиісті Бағдарламаның идеяларын пайдалана отырып, төрт сабақтан тұратын тізбектелген сабақтар топтамасын жоспарлау.

Мектептегі тәжірибе: (5–8-апта)

Оқудың екінші кезеңінде (мектептегі тәжірибе) Бағдарламаның негізгі идеялары тәжірибеде іске асырылатын болады. Бұл кезең екі бағытта іске асырылады. Бірінші бағыт – өзінің күнделікті оқыту тәжірибесінде алдын ала жасалған тізбектелген сабақтар топтамасының жоспары бойынша жаңа тәсілдерді қолдану. Екінші бағыт – бірінші «Бетпе-бет» кезеңінде алған «Мектептегі тәжірибе кезеңінде орындауға арналған тапсырмалармен» жұмыс. Мұғалім іске асыратын оқыту мен оқудағы өзгерістер мектептегі тәжірибе кезінде жүйелі бағаланып отырады. Сонымен қатар білім беру порталындағы форум арқылы мұғалімге тренер тарапынан қолдау көрсетіледі (синхронды емес оқыту).

  • Тізбектелген сабақтар топтамасын өткізіп, бұл сабақтарда балалардың білім алуы туралы деректерді жинақтау;
  • Мектеп жағдайында Бағдарламаның идеяларын сынамалау және зерделеуге бағытталған мектептегі тәжірибе кезеңінде орындауға арналған сегіз тапсырманы орындау;
  • Мектептегі тәжірибе кезеңіне арналған тапсырмаларды орындау барысы туралы рефлексия жасау арқылы бірінші «Бетпе-бет» кезеңінде алған білімдерін бекіту және тереңдету;
  • Өзінің оқыту тәжірибесіне Бағдарлама идеяларының енгізілуін талдау;
  • Жүргізілген рефлексиялық талдау негізінде өз портфолиосының толық нұсқасын әзірлеу.

   Екінші «Бетпе-бет» аудиториялық кезең: (9-апта)

   Қорытынды «Бетпе-бет» кезеңі мұғалім іске асыратын оқыту мен оқудағы өзгерістер туралы өздігінен және өзара рефлексия жасауға, олардың баланы оқытуға және оның түсінігін дамытуға ықпал ету деңгейін белгілеу мақсатында бұл өзгерістердің нәтижелерін өздігінен және өзара бағамдауға бағытталған. Екінші «Бетпе-бет» кезеңінде қалыптастырушы және кейіннен жиынтық бағалау арқылы тренерлер мұғалімдердің «Мектептегі тәжірибе» кезеңінде әзірлеген портфолио мен таныстырылымдарын бағалайды.

Бұл кезеңде мұғалімдер мынадай тапсырмаларды орындайды:

  • Алған білімдеріне қатысты таныстырылым ұсыну;
  • Портфолио мазмұнына өз бағасын беру және өзара бағалау;
  • Жиынтық бағалауға арналған портфолиомен жұмысты аяқтау;
  • Ұсынылған таныстырылымдар бойынша өзара бағалау жүргізіп, өз түсініктемелерін беру;
  • Жиынтық бағалауға арналған таныстырылымдарды аяқтау;
  • Таныстырылымдарды жиынтық бағалау.

   Күнделікті сабақтар 9:00-ден 12:30-ға дейін және 14:00-ден 17:15-ке дейін құрылымдалған, олар зерттелген тәжірибеге негізделген жазбаша материалдарды пайдалану арқылы жүргізілетін интербелсенді лекциялар мен тәжірибелік сабақтар кешенін қамтиды.

   Әрбір тренер мен мұғалімге білім беру порталындағы қолжетімді онлайн-материалдармен қатар оқу-әдістемелік әдебиеттердің қағазға басылған көшірмелері берілетін болады. Онлайн-материалдарды пайдаланудың мақсаты – Бағдарламаның барлық кезеңдерін игеру және білім беру платформасы арқылы әріптестерімен ынтымақтастық жүргізу барысында тренерлер мен мұғалімдерге өткізілетін зерттеулер негізінде өздерінің жеке оқу материалдарын жасауға мүмкіндік беру болып табылады.

«Деңгейлік бағдарламалар» орталығы басқарушысы  Раймкулова Жанат Әбдіқалыққызы