Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

ӘДІСТЕМЕЛІК КЕҢЕС

«Жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы М.Егембергенова «Оқу мақсаттарын диагностикалау. Б.Блум таксономиясы. Б. Блум таксономиясы негізінде сараланған оқу тапсырмаларын дайындау жолдары» тақырыбында жалпы білім беретін мектептердегі математика пәні мұғалімдері арасында әдістемелік кеңес ұйымдастырды.

Мақсаты: математика пән мұғалімдері арасында оқыту мақсатына негіздей отырып, оқушының қажеттілігін ескеріп, деңгейіне қарай тапсырма құрастырудың тиімді жолдарын қарастыру.

Қазіргі білім парадигмасы балаға оқу қызметінің субъектісі ретінде қарап, шығармашылық қызығушылықтары негізінде білімге құндылық бағдарын қалыптастыра отырып, танымдық-рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруды және жан-жақты дамыған, шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыруды көздейді.

Математика пән мұғалімдері осы тақырып аясында жиі кездесетін қиындықтарды атап және сол қиындықтарды шешу жолдарын біріге отырып қарастырды:

-Оқу мақсатына сай тапсырма құрау

— Оқушы қажеттілігін ескере отырып, жоспарлау

Әдістемелік кеңес кезінде пән мұғалімдері арасында алдымен сабақ мақсаттары оқу мақсаттарына негізделіп құрастырылғандығын анықтау үшін өздері жасаған бірнеше қысқа мерзімді жоспарларына талдау жасалды. Сабақ мақсаттары пәннің өзіндік ерекшеліктеріне бағдарланғаны туралы дәлелдемелер келтіріп, әрбір тақырып бойынша алынған оқу мақсаты негізінде оқушы бойында қажетті дағдыларды қалыптастыру көзделетіні жайында айтылды. Сараланған тапсырмалар оқушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, SMART форматында құрастырылу керек және оқушылардың қажеттіліктері мен жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы әрбір мұғалімнің назарында жүруі қажет. Сабақты жоспарлау кезінде тапсырмалар мен әдістер А,В,С оқушылар тобына бағдарлануы мүмкін. Неғұрлым қабілеті жоғары оқушыларға тапсырмалар күрделендіріліп берілсе, олардың шығармашылық қабілеттері кеңейіп, өз бетімен ізденуіне, алған материалдарын саралап қолдануына мүмкіндік беріледі, сондай-ақ оқушы қабілеті ескеріліп, өзара оқытуды ұйымдастыру керек. Саралау әдістері:

Әрбір оқушыға мақсаттарға жетуге ықпал жасайды;

Оқушының қабілеті мен оқу қарқынына қарамастан, әрбір оқушының оқу мақсаттарына қол жеткізілуі қамтамасыз етіледі.

Әдістемелік кеңес соңында пән мұғалімдері Блум таксономиясы негізінде Блум танымдық салада алты деңгейді бөліп қарастырғаны және олардың ең төменгі деңгейі фактілерді қарапайым қабылдау мен танудан бастап, анағұрлым күрделі және абстрактілі психикалық деңгейлерге қарай жылжи отырып, ең күрделісі бағалауға тоқталды және оқушыларға берілген тапсырмаларды бағалауда осы қағиданы ұстану керектігін айтып, әдістемелік кеңесті ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.

«Жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы

М.Егембергенова