Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

Көптілділік – уақыт талабы

3

   Шымкентте «Көптiлдi бiлiм беру жағ­дайындағы оқушылардың функциялық сауаттылығын қалыптастыруда мұғалiмнiң кәсiби құзыреттiлiгi» тақы­рыбында рес­публикалық ғылыми-прак­­тикалық конференция өтті. Кон­фе­ренцияның ашылу салтанатында «Өр­леу» бiлiктiлiктi арттыру ұлттық орта­лығы» акционерлiк қоғамы басқармасы бас­шысының бiрiншi орынбасары Жауынбай Қараев құттықтау сөз сөйледi.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан халқына Жолдауында «Қазақ тiлi – бiздiң рухани негiзiмiз» деген болатын. Сондықтан бiз әрбiр оқушының мемлекеттiк тiлдi бiлуiне жағдай жасауымыз керек. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы орыс және ағылшын тiлдерiн оқыту мәселесiне де тоқталған. Қазақта «Жетi жұрттың тiлiн бiл, жетi түрлi бiлiм бiл» деген қанатты сөз бар. Бүгiнде «Өрлеу» орталығының бастамасымен үш тiлде оқыту бағдарламалары зерттелуде. Нәтижесiнде елiмiздiң өңiрлерiнде мектептер үш тiлде бiлiм беру жүйесiн қолға алды. Оңтүстiк Қазақстан облысында 7 мектепке қанатқақты жоба енгiзiлiп, оқушылар үш тiлдi тереңдетiп оқып жатыр. Бүгiнгi жиынның мақсаты – ұстаздардың бiлiктiлiгiн көтеру, орта мектептерде көптiлдi бiлiм берудегi жаңа әдiс-тәсiлдердi үйрету, пiкiр алмасу, ақылдасу, – дедi ол.

Облыс әкiмiнiң орынбасары Ерлан Айтаханов «Ең алдымен ана тiлдi ардақтай отырып, өзге тiлдердi меңгеру артықтық етпейдi. Ол үшiн ұстаздардың бiлiктiлiгi зор болуы тиiс. «Шәкiртке ұстаз болу – iрiлiк, ұстазға ұстаз болу – ұлылық» демекшi, осы конференция өз жемiсiн бередi деген ойдамын», дедi.

Бiлiм және ғылым министрлiгi елiмiздегi аз ұлттар тiлдерiндегi мектептерде көп тiлдi бiлiм берудi ендiру бойынша жұмыс жасауда. Ал бұл жобаны әзiрлеу «Өрлеу» БАҰО» АҚ-қа жүктелген. Осындағы бi­лiктi мамандардың ұйымдастыруымен өт­кен конференцияға ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар iстерi жөнiндегi Жоғарғы комиссары жәрдемдесуде. Жиынға қатысқан ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсе басшысының орынбасары Мирко Гюнтер Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт өкiлдерiнен бөлек осындағы диаспоралардың бiлiм алуларына жақсы жағдай жасалғанын атап өттi. Бiлiм және ғылым министрлiгi мектепке дейiнгi және орта бiлiм департаментiнiң сарапшысы Гүлсила Мұздыбекова көп тiлде бiлiм берудегi негiзгi бағыттар туралы әңгімелесе, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Жұмахан Мiрхалықов өзi басқаратын оқу ордасында қазақ бөлiмiнде бiлiм алушылардың қатары жыл санап артып келе жатқанын жеткiздi.

Конференцияға Қырғыз Республикасы мен Тәжiкстаннан да ғалымдар келдi. Сондай-ақ, ҚР БҒМ-нiң, «Назарбаев зияткерлiк мектептерi» ДББҰ-ның, «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқармасы мен филиалдары мен қалалық, аудандық бiлiм бөлiмдерiнiң басшылары және ұстаздар қауымы да секция жұмыстарына белсене атсалысып, пiкiр алмасты.

Жиында Шымкент қалалық бiлiм бөлi­мiнiң басшысы Ынтымақ Мәдиев пен Қазақстан Халықтар достығы универ­ситетiнiң ректоры Рабиға Қуатбекова баян­дама жасады.

Білікті ұстаздар бас қосқан конференция­ны ұйымдастырушылардың бірі «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру институтының директоры, профессор Лаура Ысқақова Оңтүстiк өңiрiнде қолға алынған тың бастамаларымен бөлiстi.

– Көп тiлде бiлiм беру мәселесi бойынша бiздiң институт жемiстi жұмыс атқарып келедi. Облыстағы 1031 орта мектепте 531804 оқушы оқып жүр. Оларға 60110 мұғалiм бiлiм бередi. Елiмiзде көптiлдi және билингвалды бiлiм беру өзектi мәселелердiң бiрi болып саналады. Билингвалды бiлiм беру – бұл мектеп бағдарламасындағы бiр немесе бiрнеше пәндi қатар екi тiлде оқыту. Облыс аумағында билингвалды және көптiлдi бiлiм беру бойынша жобаны 2 мектеппен бастаған болсақ, ал қазiр олардың саны 15-ке жеттi. Жаңа бағдарламаларды меңгеруi үшiн мамандарымызды түрлi семинарларға жiбердiк. Олар бiлгендерiн жергiлiктi мұғалiмдерге үйреттi, – дедi ол.

Конференцияда түрлi секциялар бойынша баяндамалар оқылып, дөңгелек үстел мәжiлiсi ұйымдастырылды. Пікір алмасылды. Басқа мемлекеттердің жақсы тәжірибесі ортаға салында. Осыған орайлас ой, Жапонияда бала он екі жасқа толғанға дейін өз ана тілінен басқа тіл білу міндеттелмейді екен. Өз ұлтының әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен өскен жасөспірім әрине, Отаны дегенде керек болса шыбын жанын аямайды. Олардың патриоттығы әлем халықтарына үлгі.

Сондықтан, Қазақстанда мемлекеттік тілге басымдылық берілу керек. Кісі елінде жүргендей қазақ тіліне шекесінен қарайтын ұстаздар қатаң жауапкершілікке тартылса, өзгелеріне сабақ болады.

Мемлекеттік тілдің көсегесі көгерсе, орыс және ағылшын тілін меңгеру қиын емес. Көптілділік – уақыт талабы. Ал мем­лекеттік мәселені ұштығына жеткізіп орын­дау ұстаздарымыздың біліктілігіне бай­ланысты.

 

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».