Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

Айдың үздік қызметкері

«Өрлеу» БАҰО» АҚ Ф Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ «Әдіснама  және  педагогикалық  инновация»  кафедрасының аға оқытушысы (филология магистрі) Нурлыбаева Жанат Лесбекқызын сәуір айының қорытындысы бойынша «Айдың үздік қызметкері» болуымен құттықтаймыз!

Жанат Лесбекқызы — ҚР ПҚБА деңгейлік бағдарламалары аясында үшінші (базалық) деңгей бағдарламасы бойынша,  орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша және «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жағдайында педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту» тақырыбындағы тренерлерді оқыту бағдарламасы бойынша сертификатталған тренер.  Жанат Лесбекқызының өткізген курстарына қатысқан педагогтер бүгінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.

Жанат Лесбекқызы «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жағдайында жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының кәсіби құзыреттілігін арттыру» тақырыбында Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің профессор-оқытушыларының біліктілігін арттыру курсын жоғары деңгейде өткізіп, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқармасы Төрайымының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қашықтықтан білім беру технологияларын қолдана отырып, ТВ-сабақтар түсірілімін ұйымдастыру және оған сараптама жүргізу жобасына қатысып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Виртуалды білім беру бағытының аясында еліміздегі үздік педагогтердің эстафетасына қатысушы мұғалімдермен шығармашылық топ құрған Жанат Лесбекқызы оқу бағдарламасының талаптарына сай сандық білім беру ресурстарын дайындауда облыс мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетті. Нәтижесінде қазақ тілі мен  әдебиеті  пәні бойынша 40 бейнесабақ дайындалып, YouTube-тегі «Өрлеу» білім беру арнасына орналастырылды.

Жанат Лесбекқызы — өзінің педагогикалық іс-тәжірибедегі жетістіктерін бөлісу мақсатында «Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау», «Оқу стратегиялары», «Жаңартылған бағдарлама аясындағы қазақ тілі пәнінен сабақ үлгілері», «Қазақ тілінің латын графикасына негізделген орфографиясы мен орфоэпиясын оқыту», «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында жас педагогтерге ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету» тақырыптарында мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтарының авторы. 30 жуық ғылыми мақалалары республикалық және халықаралық конференция жинақтарында жарияланды.

Жанат Лесбекқызы оқытуы қазақ тілінде емес орта білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні мұғалімдерінің кәсіби құзіреттілігін дамыту» тақырыбындағы педагогтердің біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасын әзірледі.