Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

«Оқылым дағдыларын қалыптастыру үшін қажетті әдіс-тәсілдерді қолдану мен жоспарлау» тақырыбы

2020 жылдың  қазан айында Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілді мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсы өткізілді. Бағдарламаға сай тілдік дағдылардың ішінде «Оқылым дағдыларын  қалыптастыру  үшін  қажетті әдіс-тәсілдерді  қолдану мен жоспарлау» тақырыбымен мұғалімдер онлайн және қашықтықта жұмыстар жүргізді.

Оқылым дағдысы арқылы оқушылар мәтінді және оның мазмұны мен мақсатын, тілін түсінуге, негізгі ойды анықтауға және мәтіннің құрылымдық бөліктерін, мәтіннің стилі мен типін анықтауды, оқылған мәтіннегізінде сұрақ құрастыруды, әртүрлі деректерден қосымша ақпаратты айқындауды және мәтіндерге салыстырмалы сараптама жасауды меңгереді.

Пән мұғалімдері тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқылымның танымдық, зерделік, ізденімдік, көрсетімдік  түрлерін жіктеді. Оқылымның берілген материалды түсініп, ұғу ғана емес, ондағы әрбір тілдік-қатысымдық тұлғалардың мағынасын білу, қалпын тану және оны тілдік қарым-қатынаста кеңінен пайдалану керектігінің маңызды екендігіне баса назар аударды.Оқылым дағдысы арқылы білім алушының танымы кеңейеді, ойлау жүйесі дамитын болады.

Оқушының оқу дағдысын қалыптастыруда бірнеше мақсаттар ұсынылған. Мәтіндерге салыстырмалы анализ жасау мақсаты арқылы оқушы тек мәтін мазмұнын меңгеріп қана қоймай, сол мәтінді жазу арқылы автордың нені көздегенін, кімдерге арнағанын, автордың сол мәселеге байланысты қандай көзқараста екенін, оқырманға жеткізу үшін қолданған тілдік бірліктерін саралап, сараптама жасау дағдысын қалыптастыратынын талқылады. Мәтін мазмұнын зерттеуде графикалық органайзерлерді қолданып, түрлі жаттығулар жасады, бір-бірлеріне ұсынды,  талқылады әрі бағамдады.

 

                                                                                Кужимова Ж.Т.  «Инновациялық білім беру және ақпараттық                                                                                  технологиялар» кафедрасысының аға оқытушысы, тренер