Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

Пән мұғалімдеріне қашықтықтан әдістемелік кеңес

Қазіргі елімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты мектептерде 2019-2020 оқу жылының  аяқталуы да ерекше болып өтті. Осындай жағдайға қарамастан мектеп мұғалімдері  бітіруші түлектермен қашықтықтан жұмыс істеп, ҰБТ кезінде әр оқушының функционалдық сауаттылығына мән беру керектігі жайында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБА институты 27  мамырында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне «Функционалдық сауаттылық пен оқу сауаттылығы» тақырыбында қашықтықтан әдістемелік кеңес берілді.

Әдістемелік кеңес барысында мұғалімдер мектеп бітіруші түлектердің оқу сауаттылығынан сынақ тапсыратынын айтып, мәтінмен жұмыс істеудің тиімді тәсілдеріне тоқталды.

Сауаттылық – оқу, жазу, санау және құжаттармен жұмыс жасай алу дағдылары болса, функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік  қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі.

Оқушылардың функционалдық сауаттылық мазмұны келесі құзыреттіліктерден көрінеді:

— оқу, жазу сауаттылығынан;

— жаратылыстану ғылымындағы сауаттылығынан;

— математикалық сауаттылығынан;

— компьютерлік сауаттылығынан;

— денсаулық мәселесіндегі сауаттылығынан;

— құқықтық сауаттылығынан.

Осылардың ішінде мәтінмен жұмыс барысында оқу сауаттылығын қалыптастыру маңызды. Оқу сауаттылығы – жазба мәтіндерді түсіну, өз мақсатына жету үшін оның мазмұнын қолдану, қоғам өміріне белсенді қатысу үшін білімі мен мүмкіншіліктерін дамыту қабілеті.

Әдістемелік кеңес соңында мұғалімдер өз алғыстарын білдірді.

 

«Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы  Г.Мырзатаева