Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыз

Ғылыми-әдістемелік семинар өтті

Қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру кезеңдік іс-шаралар жоспарына (2020-2025 жж.) сәйкес, 22 қаңтар күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ бірлескен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жағдайында кәсіби өзін-өзі жетілдіру технологиясы» тақырыбында университет базасында облыстық ғылыми-әдістемелік семинар  өтті.

Ғылыми-әдістемелік семинарда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы  бойынша ПҚБАИ директорының Инновациялық білімдер жөніндегі орынбасары  т.ғ.к. Ахтаев Мухтар Бексултанович «Отандық білім беруді жетілдірудің басымдықтары» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025  жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты  кезеңдік іс-шаралар жоспарымен таныстырды.

Институттың «Менеджмент және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы  Нурлыбаева Жанат Лесбековна өз баяндамасында қазақ жазуының таңбалану мәселелеріне тоқталса, «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы Кабылбаева Роза Пайзуллаевна «Латын графикасына көшу-заман талабы» тақырыбында құнды баяндама жасады.

Филология факультетінің «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті ф.ғ.к., Қошанова Нағима Данабековна «Латын негізді әліпби және емлелік қиындықтар» тақырыбында жасаған баяндамасында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің  келешек ұрпақ үшін маңызды екендігін нақтылады.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департаменті директоры Т.Ж.Ниязов: Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жағдайында білім берудің жаңа бағыттарын айқындау, білім беру саласындағы ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға бағытталған семинар педагогикалық ғылым мен тәжірибені байланыстыру арқылы оқытушылардың ғылыми-әдістемелік шығармашылықтарын дамытуға өз ықпалын тигізетіндігіне сенім білдірді.

Іс-шара соңында университеттің Оқу-әдістемелік ісі жөніндегі Вице-президенті Үмбетов Өмірбек Үмбетұлы: Алдағы уақытта «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы  бойынша ПҚБАИ-мен бірлескен іс-шаралар жоспарлаудың маңызды екендігіне тоқталып, «Өрлеу» БАҰО» АҚ ұйымдастырған  «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жағдайында жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының кәсіби құзыреттілігін арттыру» тақырыбындағы біліктілігін арттыру курсының жоғары деңгейде өткендігін атап өтіп, аталған курсты ұйымдастырған «Өрлеу» БАҰО» АҚ   алғыс білдірді.

 

Менеджмент және ақпараттық технологиялар»

кафедрасының аға оқытушысы                          

Нурлыбаева Жанат Лесбековна